Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Астанадағы арнаулы орта білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі оқытудың толық циклын жүзеге асыратын Ұлттық спорт университеті құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ретте колледжде бір уақытта 500-ден астам адам, ал ЖОО-да-2000-нан астам бакалавриат студенттері, 60 магистрант және докторанттар оқи алады.
Қазіргі уақытта 1-ші кезектегі нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көпфункционалды спорт кешені, трибунасы және трубунадан тыс бөлмелері бар стадион, жүзу бассейні, жеңіл атлетика манежі, колледж және 500 орындық колледж жатақханасы. Құрылыстың алғашқы кезеңін 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Екінші кезеңде университет ғимаратының құрылысы басталады. Оның аумағында: конференц-зал, әкімшілік блок, дәріс залдары, ғылыми-зерттеу орталығы бар кітапхана, асхана және жабық бас аллея болады. Сонымен қатар, студенттерге арналған жатақхана, профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын үй және медициналық-оңалту орталығы салынады. Жобаның бұл бөлігі әзірленіп жатыр.
Бұл қазіргі таңда өте өзекті жоғары жетістіктер спортына қажет мамандарды өз елімізде тәрбие-білім беріп өсіруге тамаша мүмкіндік. Атап айтқанда, білім ордасынан жаттықтырушылардың, менеджерлер, психологтар және ғылыми қызметкерлердің жаңа толқыны шығады. Ал спорттық ғимараттар кешені ұлттық құрама командаларға көркем гимнастика, бокс, таэквондо, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, ескек есу, баскетбол, волейбол, шағын футбол, жеңіл атлетика және жүзу секілді спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарға дайындалуға мүмкіндік береді.
«Жоба өте ауқымды және оны жүзеге асыру барлық кезеңдерінде үйлесімді жұмысты және жауапты тараптардың өзара белсенді іс-қимылын талап етеді. Мемлекет басшысы Алматы облысына сапары кезінде Қазақстан спорт көшбасшысы болуы тиіс екенін атап өтті. Ұлттық спорт университетінің құрылысы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуда және халықаралық деңгейдегі спорт резервін қалыптастыруда маңызды қадам. Сондықтан бұл құрылыстың барысы менің жіті бақылауымда болады»,-деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.