Жаңалықтар

Астанада үкіметтік емес ұйымдар Ақтөбеге 7 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Астанада үкіметтік емес ұйымдар Ақтөбеге 7 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Фото: Астана қаласы әкімдігі 06.04.2024 06:21 725

«Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры және «Мейірім» қайырымдылық қоры бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек көрсету пунктін ашты. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтік емес ұйымдар Ақтөбеге 7 тонна гуманитарлық көмек жіберді«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бір адамның ғана емес, қоғамдағы мейірімді жандардың ынтымақ-бірлігінің арқасында азық-түлік, балалар киімі, ересектердің жылы киімдері жиналған.

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің мәліметінше, бірнеше күн ішінде 7 тоннаға жуық алғашқы қажетті тұрмыстық заттар жиналып, жүк көлігі Ақтөбе қаласына аттанды.

Сонымен қатар қоғамдық қордың еріктілері қатарында Астана қаласы №3 олимпиадалық резервінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушiлерi болды.

Қайырымды жандар тарапынан көмек беру туралы сұранысқа қарай штаб әрі қарай да жұмысын жалғастыра бермек. Сонымен қатар Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмысына: Мақсұт Нәрікбаев университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Назарбаев университеті, ESIL университеті сынды елорданың жоғары оқу орындары да қосылды. Көмек көрсеткен өзге ұйымдардың қатарында The one қонақүйі, «Әсем», «Рахмет», «Шапағат» сауда үйлері және басқа да бизнес құрылымдарының өкілдері де бар.

Айта кетсек, елордада 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті бар, жинауға 30-ға жуық ерікті ұйым атсалысып жатыр. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптап, жөнелтеді. Ниет білдірушілер жылы киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, алғашқы қажеттілік заттарын әкеліп жатыр. Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды.

Қызығушылық танытқандар қажетті өнімдерді жинап, қабылдау пунктеріне апара алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға