Астанада ТЖМ-нің көпқабатты тұрғын үй кешендерінде оқу-жаттығулары өтіп жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ТЖ министрлігі көпқабатты тұрғын үй кешендерінде оқу-жаттығулар өткізуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2 қыркүйекте ТЖ министрі Сырым Шәріпхановтың қатысуымен Астанада Иманов көшесінің 41 мекенжайында орналасқан «Жар-Жар» тұрғын үй кешенінде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және нығайту болып табылады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындардың дұрыс іс-әрекеттері адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алуға мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығу барысында тұрғындармен өрт және басқа да ТЖ туындаған кезде қауіпсіз мінез-құлық бойынша түсіндірме әңгімелер өткізілді. Білімді бекіту үшін тұрғындар өз іс-әрекеттерін тәжірибеде пысықтады.
Балаларға ерекше көңіл бөлінді. ТЖМ қызметкерлері оларды өздерінің техникалары мен жабдықтарымен таныстырды. Балалар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жабдықтарын қызығушылықпен сынап көрді.
Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында ТЖМ бөлімшелері адамдарды құтқаруға және эвакуациялауға арналған құралдардың қолда бар түрлерін қолдана отырып, биік үйлердегі өрттерді сөндіру тактикасын пысықтады.
ТЖМ халықты қауіпсіздік шараларына үйретуге барынша күш жұмсайды. Көпқабатты үйлердің тұрғындарын тарта отырып, осындай оқу-жаттығулар еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі.