Астанада туризм индустриясын дамытудағы білімнің рөлі талқыланды

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев пен «Туристік Қамқор» қоры жобаларының жетекшісі Балым Адамиденова қатысумен панельдік сессия өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Панельдік пікірталасқа мемлекеттік орган өкілдері, туроператор компаниялар мен қонақ үй желілерінің басшылары қатысты. Олар қызмет көрсету саласындағы жас мамандарды даярлау мен білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Кездесудің басты назарында заманауи білімнің қарқынды дамып келе жатқан салаларында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлау болды.
Туризм және оған іргелес салаларда 538 мыңнан астам отандасымыз еңбек етеді. Сондықтан біз - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ретінде, еліміздегі “Жұмысшы мамандықтар жылына” айрықша көңіл бөлеміз. Кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларын жаңарту, гидтер мен желілік персоналды оқыту, микробіліктілік орталықтарын ашу және қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған басқа да жүйелі шараларды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бұл жоспар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға арналған бірқатар жобаларды қамтиды, – деді Нұртас Кәріпбаев.
Панельдік сессия сарапшылары кәсіби стандарттарды қалыптастыру, қажетті дағдыларды дамыту, саланың кадрлық әлеуетін бағалау және туризм саласы үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
2016 жылдан бері елімізде қазақстандықтардың шығу туризміндегі құқығын кепілдендіру жүйесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл жүйеге 60 ірі туроператор біріктірілген. Шығу туризмі саласы тұрақты өсіп, дамып келеді. Бұл – жүйеге қатысушылардың еңбегінің нәтижесі. Олар қомақты салық түсімдерін қамтамасыз етіп, мыңдаған жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, қазақстандықтарға сапалы қызмет көрсетуді де басты міндеті санайды. Бұл іс-шараға қатысу кепілдендіру жүйесіне қатысушылардың қоғам мен жас ұрпақ алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді, – деді Балым Адамиденова.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі 11-15 ақпан аралығында елордада өтіп, оған 40 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы – ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
