Жаңалықтар

Астанада тұрғын үйлерге өрттің алдын алуға көмектесетін қондырғылар орнатылды

Астанада тұрғын үйлерге өрттің алдын алуға көмектесетін қондырғылар орнатылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 02.10.2023 19:15 573

Үркер тұрғын үй алабындағы бірқатар тұрғын үйлерге түтін және көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ Астана қаласының Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Бірлескен іс-шарамызда әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға аталған датчиктерді орнатамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектер және көпбалалы отбасылар бар. Бүгін 4 тұрғын үйге осындай өрт және оның салдарынан қорғайтын қондырғылар орнатылатын болады. Аталған қондырғыларға Астана қаласы Нұра ауданының Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы арқылы қол жеткізілді, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің мамандар және құқықтық көмек бөлімінің жетекшісі Динара Мақұлова.

Астана қаласы Нұра ауданының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасынан түтін және көміртегі тотығын анықтайтын барлығы 100 датчик алынып, әр апта сайын Үркер тұрғын үй алабындағы белгіленген тұрғын үйлерге қондырылмақ.

Қондырғы жеке секторда қандайда бір түтін пайда болған жағдайда үйдің иесіне дыбыстық белгі береді. Бұл пеш болсын, электр құрылғылары болсын, өрт немесе улану қаупін туындататын қауіпті жағдайлардың алдын алмақ.

Дыбыстық белгіні естіген үй иесі тез арада өртке қарсы қызметке оқиға туралы хабарлауы керек. Дегенмен датчиктердің орталықтандырылмағанын, яғни Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға белгі келмейтінін ескерткіміз келеді. Сондықтан тұрғындар белгіні естісімен 101 нөміріне ақпарат айтуы тиіс, - деді Астана қаласы Нұра ауданының Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы Әділжан Берікболсынов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға