Жаңалықтар

Астанада Trackman қайырымдылық веложарысы басталды

Астанада Trackman қайырымдылық веложарысы басталды
Фото: ©El.kz 15.02.2025 13:09 536

Астанадағы «Сарыарқа» велотрек спорт кешенінде TrackMan бірегей қайырымдылық веложарысы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайырылымдық сайыс екі күнге жалғасады. 
TrackMan жарысы барлық велоспорт және белсенді өмір салтын ұнататындар үшін маңызды жарыс саналады. Екі күн ішінде 100-ден астам қатысушы жарысқа қатыспақ. 

Аталмыш іс-шарадан жиналған барлық қаражат Velolegenda коммерциялық емес ұйымы ұйымдастыратын әлеуметтік және спорттық бағдарламаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Іс-шараны Velolegenda КЕҰ және Raison халықаралық инвестициялық компаниясы ұйымдастырды. Сондай-ақ El.kz ақпараттық агенттігі қолдау көрсетті. 

Астанада Trackman қайырымдылық веложарысы басталды

Сайыстың негізгі мақсаты әуесқой велоспортты қолдау және дамыту, қоғамда белсенді және салауатты өмір салтын насихаттау.

Велоспорттан жаттықтырушы Қадылбек Қайраттың сөзінше, жарысқа 60 адам тіркеліп, олардың барлығы бүгін қатысқан. Қатысушылардың ішінде ерекше балалар да бар, олардың саны – 10.

«Әуесқой велоспорт жас ерекшелігіне қарамайды. Бұл жарысқа 18 жастан бастап 60-65 жасқа дейінгі спортшылар қатыса алады. Жарыс 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ал 2019 жылдан бастап ерекше балалар да жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен қатысушыларына бағалы сыйлықтар табысталады. Қатысушылар өз жас ерекшеліктеріне қарай түрлі санаттарға (категорияларға) бөлінеді», – дейді жаттықтырушы. 

Сондай-ақ жаттықтырушы Қадылбек Қайраттың айтуынша, бұл жарысқа жыл сайын көрші мемлекеттерден де қонақтар келеді. Биыл Ресейдің Омбы және Мәскеу қалаларынан, сондай-ақ Қырғызстаннан спортшылар қатысып жатыр. 

Астанада Trackman қайырымдылық веложарысы басталды

Аталмыш жарысқа Шолпан Айтбаева ерекше баланы ала келіпті. 

«Трэкмен – біздің бесінші жарысымыз. Біз бұл спорт түрімен 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап айналыса бастадық. Ал 2024 жылы тұрақты түрде жаттығуларға қатыса бастадық. Жаттығулар барысында жақсы нәтижелер көрсете алдық. Баламыз жарыстарға тұрақты түрде қатысып, бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп жүр. Әсіресе, ерекше балалар үшін мұндай жарыстар өте маңызды. Олар үшін қарым-қатынас ортасы шектеулі болуы мүмкін, ал спорт олардың белсенділігін арттырады», – дейді Шолпан Айтбаева. 

Ол осы спортқа келгеннен бері балалар көп нәрсеге қол жеткізді, достар тапты, жаттықтырушыларды құрметтеуді үйренді. Бапкерлер қатал болғанымен, талап қояды, ал бұл балаларға ұнайды деп отыр.

Астанада Trackman қайырымдылық веложарысы басталды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға