Астанада төрт жыл бұрын жоғалып кеткен ер адам табылды
Елорда аумағында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге және іздеуде жүрген адамдарды анықтауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оның барысында хабар-ошарсыз кеткен үш адамның жүрген жері анықталды.
Соның ішінде бір азамат 2020 жылдан бері туыстарымен байланыста болмаған. Төрт жыл бойы туыстары оралуынан үміт үзбеген 48 жастағы ер адамның оқиғасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Полицияның үйлесімді әрекеттерінің арқасында ер адам табылып, отбасымен қайта қауышты, - делінген Полиция департаментінің мәліметінде.
Сонымен қатар рейд барысында полиция қызметкерлері қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 4 күдіктіні, сондай-ақ заң бұзу дерегі бойынша күдікті деп танылған 6 адамды қолға түсірді.