Жаңалықтар

Астанада өткен дәстүрлі қолөнер шеберлік сыныбы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды

Астанада өткен дәстүрлі қолөнер шеберлік сыныбы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды
28.04.2019 00:00 2795

Елорданың Достық үйінде дәстүрлі қолөнер шеберлік сыныбы өтті.

26-28 сәуір аралығында дәстүрлі қолөнер шығармашылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен этнодизайнер Ырза Тұрсынзада кезекті тегін шеберлік сыныбын өткізді.

Шеберлік сыныбы жұмыссыз қыз-келіншектер мен көпбалалы аналарды қолдау мақсатында еліміздің бірқатар өңірлерінде тұрақты өткізіліп тұрады. Ол Қазақстан халқының мәдени дәстүрі мен қолөнерін жаңғыртуға және әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына бағытталған.

Үш күнге созылған шеберлік сабағының соңында Ы. Тұрсынзада тыңдаушыларының арасынан үздіктерін таңдап, тігін машиналарын, бағалы құрақ көрпе-жастық, оюлы орамалдар мен сертификаттар табыстады.

Тігін өнеріне үйрететін шеберлік сыныбы ұлттық қолөнердегі құнды дүниелерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге, ата-бабаларымыздан мирас болып күні бүгінге дейін жеткен дәстүрді жаңғыртуға зор үлес қосатын үрдіс. Сонымен қатар ұлттық әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы үшін де маңызы зор. Қазіргі кезде қазақтың ұлттық қолөнері шет елдерде жоғары сұранысқа ие.

Шеберлік сыныптарына үздіксіз қатысып келе жатқан қатысушылардың бірі – Ақтоқты. Өз кәсібін ашуды мақсат етіп отырған ол этнодизайнердің қолынан алған оюлы орамал мен сертификатты ырымдап, болашақ кәсібіне бастар жолдама екенін айтады. Сонымен қатар аталмыш шеберлік сыныбын әлеуметтік желіден көріп білген бес баланың анасы Әйгерім үш күн бойы көп дүниені үйреніп, қазақи салт-дәстүрімізді жаңғыртуға үлесін қосып жүрген өз ісінің шебері Ырза Тұрсынзададан сабақ алып жүргенін мақтан тұтады.

Достық үйінде ашылғанына бір ай болған «Аналар аманаты» мұражайының тігін шеберханасына елорда әкімі Бақыт Сұлтанов сыйлаған тігін машиналары игілікті іске үлесті болуда. Қала әкімдігі көпбалалы аналарды қолдауға көп күш салып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының аяғында Ырза Тұрсынзада қолөнер шеберлік сыныбының бірінші сабағын өткізіп, үздік қатысушыларға өзінің арнайы сертификатын тапсырған болатын.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға