Жаңалықтар

Астанада Тәуелсіздік даңғылында көпір үстіндегі қозғалыс қазан айының соңында ашылады

Астанада Тәуелсіздік даңғылында көпір үстіндегі қозғалыс қазан айының соңында ашылады
Фото: Астана қалалық әкімдігі 08.10.2023 23:14 944

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылыс барысымен танысқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тәуелсіздік даңғылының бойындағы көпірдің құрылыс барысымен таныстым. Осы айдың соңында көпір үстіндегі қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз.

Автокөлік көпірі – төрт жолақты. Көгалдандыру жұмысы көктемде аяқталады.

Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Сол сияқты келер жылы Кенесары көшесінің бойында (ҚазГЮУ университеті ауданында) Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысын бастаймыз. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар келесі жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салуға кірісеміз. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді.

Өткен жылы Ұлы Дала даңғылының бойындағы жаңа көпір мен А62 көшесінің бойында (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде) көлік қозғалысы ашылған болатын. Бұл да бірнеше көшедегі көлік қозғалысын сейілтті, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға