Астанада «Тату көршілік қатынастардың жаңа кезеңі» атты Қазақстан-Қытай форумы өтті
Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті қарсаңында Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығын нығайту бойынша «Тату көршілік қатынастардың жаңа кезеңі» форумы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, форумға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Қытай медиа корпорациясының басшысы (China Media Group)Шэнь Хайсюн, ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева, «Хабар Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, AIFC Authority басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Мұханбетжанов және т.б. қатысты.
Қатысушыларды мемлекет басшысының атынан мәдениет және ақпарат министрі құттықтады.
Бұл іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында ұйымдастырылып отыр. Мұның символдық мәні бар. Қазір қазақ-қытай қатынасы жаңа денгейге көтерілді. Біздің жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұған мәдени-гуманитарлық байланыстардың да ықпалы зор. Шын мәнінде, мәдениет пен өнер - елдер мен өркениеттерді жалғап тұрған алтын көпір, - делінген құттықтау хатында.
Президент сонымен қатар ШЫҰ саммиті аясында екі елдің мәдени орталықтары жұмысын бастайтынын атап өтті. Бұл өзара ынтымақтастыққа жаңа серпін береді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай білім, ғылым және туризм саласындағы жаңа бірлескен жобаларды да жүзеге асырады.
Кездесу барысында тараптар мәдениет, туризм, сондай-ақ ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Форум аясында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды. Қытай Медиа корпорациясының ғылыми-зерттеу институты мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Қытай Медиакорпорациясының Еуразиялық Бюросы мен «Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ арасында келісім жасалды.