Астанада тас өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі өткізілді
Астанада тас өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
Көрмеге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Samruk-Kazyna Construction компаниясының, Ұлттық жобалаушылар қауымдастығы мен тас өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері қатысып, былтыр атқарылған жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.
ИИДМ Индустриялық даму комитеті Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, қазір отандық нарықта тас өнімдерін шығаратын 15-тен астам кәсіпорын жұмыс істеп келеді.
«Тас өнімдерінің өндірушілеріне қолдау көрсету мақсатында былтыр Үкімет «Ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу туралы» қаулыны шығарған еді. Осы қаулы тек Қазақстанның аумағында тас өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындарға ғана мемлекеттік сатып алу процесіне қатысуға мүмкіндік береді», деді М.Андаков.
Бұл орайда ішкі нарықтағы құрылыс материалдарына деген сұранысты толық қамтып, импорт тәуелділігін төмендету мен бағаның құбылмалығын алдын алу үшін 2026 жылға дейін жалпы құны 1 180 млрд теңгеге 161 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашылады.
Жоғарыда келтірілген жобаларды табысты іске асыру үшін өңірлік әкімдіктер және даму институттарымен, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен мақұлданған 2025 жылға дейінгі құрылыс өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға арналған Жол картасы әзірленіп, бекітілді.