Астанада тарихи комикстің алғашқы шығарылымы таныстырылды
![Астанада тарихи комикстің алғашқы шығарылымы таныстырылды Астанада тарихи комикстің алғашқы шығарылымы таныстырылды](/storage/storage/element/2025/02/12/mainphoto/142195/1200xauto_SpGjxOs3q574d6Ah5mHkG0AZMMY2ps6GXQpQ9hzD.jpg)
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Әлихан мен Әйкерімнің саяхаты» тарихи комиксінің алғашқы шығарылымы таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараға шығармашылық зиялы қауым, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен елорданың жалпы білім беретін мектептерінің педагогтары қатысты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, еліміздің әдебиетін оқуға және насихаттауға балалар мен жасөспірімдерді тарту бойынша қазақ батырлары, тарихи оқиғалар, мифология және өзекті трендтер тақырыбында ұлттық сипаты бар балалар комикстерін жасау бойынша жұмыс жүргізілуде, - делінген мәліметте.
Халықаралық тәжірибе негізінде «Бозоқ» музей-қорығы жас оқырмандарға арнап кітап шығарды. Комикс мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды.
Комикстерді салған суретші – Жапаров Бекен Байзақұлы, «Бозоқ» музей-қорығының дизайнері.
Кітаптың негізгі сюжеттік идеясы ортағасырлық Бозоқ қалашығының археологиялық қазбаларының тарихи мәліметтеріне негізделген.
Іс-шара аясында қатысушылар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы балалар әдебиетінің маңызын, тарихи-мәдени мұраны насихаттау және балалар білім берудегі жобаларды дамыту перспективаларын талқылады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)