Жаңалықтар

Астанада тағы бір газ жылу станциясының құрылысы басталды

Астанада тағы бір газ жылу станциясының құрылысы басталды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 24.10.2023 11:22 753

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында тағы бір газ жылу станциясының құрылысы басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тағы бір «Телман» газ жылу станциясының құрылысын бастадық. Бұл энергия көзінің қуаты сағатына 600 Гкалды құрайды. Қазіргі уақытта бұл нысанда қазандық ғимаратын салу жұмысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ жылу-механикалық жабдықтарды ішінара жеткізу орындалды.

Нысанды толық аяқтау 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.

Бұл газ жылу станциясы «Бағыстан» тұрғын үй ауданы, халықаралық әуежай, Пригородный елді мекені және т.б. аумағындағы перспективалы құрылыстарды жылумен қамтамасыз етеді.

Биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің құрылысын аяқтадық. Қазіргі жылыту маусымында олар сағатына 700 Гкал күш береді.

Мәселен, «Оңтүстік-Шығыс» станциясы құрылысы қарқынды аумақтарды жылумен қамтамасыз етеді: Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын ауданы және т.б. «Тұран» станциясы – қаланың сол жағалауындағы жаңа құрылыс аудандарын қамтиды.

Осылайша, жүйелі түрде инфрақұрылым нысандары мен инженерлік желілерді салумен айналысамыз. Өйткені қалада өмір сүру қолайлылығы олардың үздіксіз жұмысына байланысты, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға