Жаңалықтар

Астанада студенттерге арналған 5 жатақхана салынады

Астанада студенттерге арналған 5 жатақхана салынады
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 30.05.2023 15:00 904

Биыл Астанада 1 900 орынға арналған 5 студенттік жатақхана салынады. Олардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

2025 жылға дейін жеке инвесторлар мен жоғары оқу орындарының меншікті қаражаты есебінен 11 мыңға жуық орны бар жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.

Астанада студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. Оның негізгі міндеті – жатақханалар салу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Сол сияқты, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетіледі.

Жобалық кеңсенің ашылу салтанатында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі.

Елордаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын көбейіп келеді. Қалада 15 жоғары оқу орны бар. Онда 67 мыңға жуық студент оқиды. Олардың бір бөлігі бұл қаладан емес. Жауапты министрлікпен бірлесіп, инфрақұрылымды құру бойынша жұмыс жүргіземіз. Жатақханаларда кезең-кезеңімен орын дайындаймыз. Бұл жұмыс инвесторларды да, жоғары оқу орындарын да жұмылдыра отырып жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан жер учаскелері мен әкімшілік мәселелер бойынша көмек көрсетеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Биыл «Қаржы орталығы» АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген жаңа тетік бойынша субсидиялауға және басқа да мәселелерде көмек көрсетеді. Бұл тетік әрбір төсек-орын үшін жаңа жатақханалар салу кезінде субсидияларды көздейді.

Инвесторлар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және бірқатар ЖОО арасында студенттік жатақханалар салу бойынша ары қарай да ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумдар жасалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға