Астанада ШЫҰ Жастар кеңесінің XVII отырысы өтті

Астанада ШЫҰ мемлекет басшыларының cаммиті қарсаңында ұйымның жас көшбасшылары жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жастар кеңесінің XVII отырысына ШЫҰ-ға мүше және бақылаушы 10 мемлекеттен 150-ден астам делегат жиналды.
Қатысушылар экологиялық ортадағы жастар көшбасшылығын талқылады. Жасыл күн тәртібін дамытудың маңызын Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов атап өтті.
ШЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде Қазақстан 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін еместігін атап өтті. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек, – деді ол.
Отырыста қазақстандық жастардың қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесі сөз етілді. Мәселен, «Таза Қазақстан» президенттік акциясына 2,4 млн-нан астам адам қатысып, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 2,5 млн-ға жуық жасыл желек отырғызылды. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны қайта қалпына келтірілді.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов өз сөзінде жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттің бастамаларына тоқталды.
Елдеріміздің жас көшбасшылары арасындағы байланысты нығайтуды әи қарай жалғастыру, білім беру және мәдени алмасуларды дамыту, сондай-ақ тұрақты дамуға бағытталған жобаларды қолдау маңызды, - деп атап өтті Евгений Кочетов.
ШЫҰ Жастар кеңесінің XVII отырысында ШЫҰ елдеріндегі жастар ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен қарар қабылданды. Құжат халықаралық эко-волонтерлер штабын құруды көздейді.
Айта кетсек, Қазақстанда 14 жастан 35 жасқа дейінгі 5,7 миллион жас бар.
