Астанада «Сергектің» орнын БАӘ компаниясы басады

Астанадағы бейнебақылау басқармасы БАӘ-нің жеке компаниясына беріледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2025 жылғы 13 наурызда «Сергек» шартының қолданылу мерзімі аяқталады. Астана қаласы цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейменов мәслихат отырысында келісімнің ұзартылмайтынын алға тартты.
Ведомство өкілінің айтуынша, елордада ЖИ базасында қалалық инфрақұрылымды басқарудың жаңа жүйесі іске асырылып жатыр. Жоба БАӘ-нің Presight компаниясымен бірлесіп іске асырылатын болады.
Жаңа жобаны қалыптастыру кезінде ағымдағы жобаның кемшіліктері ескерілген. Сонымен, жаңа жобада бейне ағынын берудің бірыңғай жүйесі қарастырылған. 22 мың жалпы бейнебақылау камерасы, қиылыстарда 732 АӨК және желілік учаскелерде 470 АӨК жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ жобада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 фиксациясы және бейнеаналитиканың 35 түрі қарастырылған, - деді ол.
Инвестициялар 53 млрд теңгені құрайды.
Жоба 2030 жылға дейін есептелген.
