Жаңалықтар

Астанада салаларды дамыту бойынша қандай жұмыс жүріп жатыр

Астанада салаларды дамыту бойынша қандай жұмыс жүріп жатыр
Фото: ©El.kz 30.01.2025 22:45 127

Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін шығаратын 30-дан астам кәсіпорын бар. 2027 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенінде 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде қаланың агроөнеркәсіп кешенінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 3 түрін шығаратын 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында 6 ұн тарту зауыты, 28 наубайхана және бір макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын бар.

2024 жылы елордада 159 мың тоннадан астам азық-түлік өнімдері өндірілді. Оның ішінде 124,6 мың тонна ұн, 15,5 мың тонна нан және 19,3 мың тонна макарон өнімдері бар, - деді Халел Әкімжанов.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында елордада 1,7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде дайын және жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын зауыттар, сүт өңдеу цехы, көкөніс сақтау қоймасы, астық өңдеу зауыты бар.
2023 жылы Астанада сыйымдылығы 13 мың тонна болатын 2 көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді.

2026 жылы елордада инвестициялық жобалардың ішінде жоғарыда айтылған тағы бір көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілмек. Жалпы, қазіргі таңда Астанада 47,5 мың тонна өнімді сақтайтын 8 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді.

Астанада сауда базарларының жаңа форматқа көшуіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осылайша, 2024 жылы елордада «Көктал» базары (Тілендиев даңғылы, 12) пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Жол картасы аясында елордада 7 сауда базарын жаңғырту жоспарланған. Базарларды жаңғырту сауда үй-жайларын жаңартуды, жаңа қойма кешендерін салуды және көлік инфрақұрылымын жақсартуды қамтиды.

Бұл 1000-нан астам жұмыс орнын ашуға және 6 мыңнан астам кәсіпкер үшін сауда жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Базарлар заманауи бақылау-кассалық жүйелермен жабдықталып, тауарларды сақтау жағдайлары жақсарады, - деді қала әкімдігінің басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға