Астанада республикалық «Бірлік жүгірісі» өтті

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған республикалық «Бірлік жүгірісі» өтті. Жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын қолдау және этносаралық бірлікті нығайту, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, республикалық және елордалық этномәдени бірлестіктердің, жастар және волонтерлік ұйымдардың, спорт федерацияларының өкілдері, елорда тұрғындары мен жүгіру клубтары, қала қонақтары қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, марафон еліміздің барлық аймақтарында бір уақытта басталып, 20 мыңнан астам салауатты өмір салтын ұстанушыларды біріктірді. Жартылай марафондық жарыстар, оның ішінде командалық жарыстар, 5 және 10 км спутниктік жарыстар, сондай-ақ балалар және инклюзивті жарыстар ұйымдастырылды.
Мәреге жеткен жүйріктердің әрқайсысы естелік медаль алды. Жас санаттары бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс барысында барлық қажетті қауіпсіздік шаралары мен кәсіби төрешілік қамтамасыз етілді.
«Бірлік жүгірісі» – жыл сайынғы және дәстүрлі шара болып табылады.
Айта кетейік, спорттық іс-шараны ҚХА, Астана қаласының Триатлон федерациясы, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігі ұйымдатырды
