Жаңалықтар

Астанада қысқа дайындық басталды

Астанада қысқа дайындық басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі 23.11.2023 17:30 606

Астанада қыс мезгілінде төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғауды ұйымдастыру бойынша «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Командалық-штабтық оқу-жаттығудың барысын қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев қадағалады.

Қала әкімдігі азаматтық қорғаныс органдары құрылымының қысқы маусымға дайындығын жыл сайын дәстүрлі түрде тексереді. Өйткені азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету құрылымдары табиғи және техногендік қауіп-қатер туа қалған жағдайда шалт қимылдап, кез келген жағдайға дайын болуы керек, - деді Ерсін Өтебаев.

Қалалық төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Хамиттің айтуынша, техникалар мен құрал-жабдықтар қысқы маусымға сақадай сай.

Астана қаласы бойынша қысқы кезеңге дайындалу үшін 300-ден астам техника дайындалды. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімдерінен 77 техника, өтімділігі жоғарғы 9 арнайы техника, 33 негізгі мақсаттағы техника бар. Сонымен қатар құтқару бөлімшелері автономды жылытқыш генераторлар, портативті электр генераторлары мен басқа да қажетті жабдықтармен қамтылған. Бұған қоса әкімдік тарапынан қосымша техникаларға тапсырыс берілді. Олар осы айдың соңына дейін жеткізіледі, - деді қалалық төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Хамит.

Іс-шараға 35 техника мен 125 маман қатысты. Онда табиғи қауіп-қатерден зардап шеккендерді эвакуациялау, жол төсемін тазалау, адасқан адамдарды іздеу, жылыту және медициналық, психологиялық көмек көрсету пунктерін орналастыру бойынша іс-шаралар пысықталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға