Астанада қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланды
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен және вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жалғасуда. Құқық қорғау органдары құқық бұзушыларды анықтап, оларды жауапқа тартады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
14 қараша күні таңғы сағат 5 шамасында 29 жастағы астаналық қонақ үйдің алдыңғы есігін сындырып, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді.
Сол күні сағат 20:30 шамасында елорданың ойын-сауық орындарының бірінде 33 жастағы қала тұрғыны жанжал шығарды. Ашу үстінде ол бөлменің есігі мен қабырғасын әдейі зақымдаған. Осы ісімен шамамен 100 АЕК мөлшерінде материалдық шығын келтірді.
Тағы бір оқиға 11 қарашада түскі уақытта болды. 34 жастағы ер адам қоғамдық орында өзін дөрекі ұстап, өзгелерді қорлаған.
Қоғамдық тәртіпті бұзушылардың бәрі табылып, жауапқа тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүріп жатыр.
Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген жағдайын болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.
Жыл басынан бері сот 275 адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.
Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.