Жаңалықтар

Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына орай конференция өтті

Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына орай конференция өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 24.01.2025 21:44 147

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастық саясаты: тәжірибесі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы тәжірибесін талдауға арналды. Қатысушылар қазіргі заманғы және болашақтағы мүмкіндіктерді талқылап, жаһандық өзгерістер жағдайында бірлік пен келісім саясатын дамыту бойынша ұсыныстар әзірледі.

Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық құрылтай мүшелері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласының сарапшылары қатысты.

Ассамблеяның мерейтойы этносаралық қарым-қатынастарды дамытуда маңызды кезең екені атап өтілді. Қатысушылар бұл салада озық тәсілдерді енгізу мен мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға арналған практикалық ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында мемлекеттік саясатты насихаттау бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту, ағартушылық қызметті жандандыру, сондай-ақ қоғам, мемлекеттік органдар мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастық арасындағы өзара байланысты кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Конференцияның негізгі тезистері қатарында этносаралық қатынас құралы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, этномедиация тәжірибесін кеңінен енгізу және этносаясат саласы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру сияқты маңызды мәселелер қозғалды.

Сонымен қатар, Ассамблеяның 30 жылдық тарихына арналған көшпелі архивтік құжаттардың, кітаптардың, этностық газеттер мен журналдардың көрмесі ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға