Жаңалықтар

Астанада қазақстандық өзге ұлт өкілдері арасында байқау өтті

Астанада қазақстандық өзге ұлт өкілдері арасында байқау өтті
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 01.05.2024 12:43 666

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Астанадағы достық үйінде «Достығымыз жарасқан» атты өзге ұлт өкілдерінің арасында байқау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрді сақтап, мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын ұлт өкілдерін анықтау, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің достығын, бірлігін, мәдениетін және рухани байлығын насихаттай отырып, Қазақстан халқын достық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, білімді болуға, көп тілді меңгеруге шабыттандыру мақсатында өткізілген бұл байқауға Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері мен қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері қатысты.

Бірліктен бекем күш, достықтан биік махаббат жоқ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, бірлігі жарасқан елдің қоғамы тыныш, заманы берекелі болады. Еліміздегі барлық ұлт өкілдері жұдырықтай жұмылып, береке-бірлікті көзінің қарашығындай аялағанда ғана біз берекелі ғұмыр кешеміз. Ұлттар арасындағы достық пен береке – біздің қымбатты байлығымыз. Бүгінгі байқау да достықты нығайтып, Отанға, елге, мемлекеттік тілге деген құрметті күшейту үшін өткізіліп отыр. Сондықтан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және арихв ісі басқармасының тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нүрсила Қасқатаева.

Байқау 7 бөлім бойынша өткізілді. «Таныстыру» бөлімінде үміткерлер ұлттық киімін киіп шығып, өзін қазақ тілінде таныстырса, «Өнерлі өрге» жүзер бөлімінде қатысушылар өз өнерлерін көрсететті. «Сұрақ-жауап» бөлімінде қатысушылар қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қатысты сұрақтарға жауап берді. «Тілек айту, бата беру» бөлімінде үміткерлер мерекеге орай өз тілектерін ортаға салса, «Жағдаят» бөлімінде белгіленген тақырыптар бойынша қазақ тілінде диалокқа түсті. «Мақал сөздің мәйегі» бөлігінде қатысушылар мақалдың соңын жалғастырып, мағынасын түсіндірді. «Ас адамның арқауы» бөлімінде әр қатысушы өзінің ұлттық тағамын дайындап, оның қазақтың ұлттық тағамдарымен қандай ұқсастығы барын түсіндірді.

Бүгіні байқау өте мағыналы өтті. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеп, береке мен бірлікті ту еткені мені қатты әсерлендірді. Сондай-ақ бұл байқаудан өзге ұлт этностарының салт-дәстүрі, мәдениеті жөнінде де көп нәрсе түсіндім. Басқа ұлттардың мақалдап сөйлегені қандай керемет, - деді байқау көрермені, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің екінші курс студенті Энела Махмұтқызы.

Байқау соңында бағалаушылар үздік деп таныған жеңімпаздарға әр номинация бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсінушілікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымыз ел бірлігінің әр алуандылығында. Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін, - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл байқау да мемлекеттік тілдің елдегі барлық этнос өкілдерін ұйыстыратын ұлы күш екенін аңғартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға