Жаңалықтар

Астанада «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына қатысуға өтінімдер қабылданады

Астанада «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына қатысуға өтінімдер қабылданады
Фото: Астана қаласы әкімдігі 27.10.2023 03:12 704

Биыл Астанада алтыншы рет "Қайырымдылық керуені" республикалық байқауы өткізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорданың коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысу шарттары мен өтінімдерді қабылдау туралы Астана қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, Астана қаласының әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Сәния Ирсалиева айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қайырымдылық керуені» байқауы игі іс жасайтын, қол ұшын созатын жандарды анықтауға, халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды.

Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады.

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Байқауға кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен байланысты- мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б. қатыса алмайды, - деді спикер.

Лауреаттар мына номинациялар бойынша анықталады:

- «Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады;
- «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады;
- «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет (ТЖ, ІІМ, Жедел жәрдем және т. б.) қызметкерлерінің арасында ең үздіктерге қосымша жеңімпаз атағы берілуі мүмкін;
- «Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі;
- «Қайырымдылық тарихы» номинациясы қайырымдылық, әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі;

Байқауға қатысуға өтінімдер 2023 жылдың 29 желтоқсанына дейін қабылданады.

Байқауға қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады. Анықтама телефондары: 8 (7172) 79 15 95; 8 701 513 55 00 Бахыт.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға