Жаңалықтар

Астанада өзге мегаполистағыдай трамвай мен метро қашан жүреді?

Астанада өзге мегаполистағыдай трамвай мен метро қашан жүреді?
Фото: Коллаж El.kz 26.07.2024 18:15 958

Астана – заманауи мегаполис. Ол - туристер үшін тартымды, қала қонақтары үшін ыңғайлы қала. Тұрғындарының саны миллионнан асып жығылған соң, қоғамдық көліктерді қолданушылардың саны да артты. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі елордадағы қоғамдық көліктердің жай-күйін зерттеп, метрополитенді салу перспективасы жайлы біліп қайтты.

Кез келген қаланың көлік кәсіпорындары тарапынан қызмет көрсетілетін көлік инфрақұрылымы болады. Кәсіпорын жолаушыларды тасымалдауға бейімделген көлік құралдарымен жабдықталады. Қала тұрғындарының  басым көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметін күнделікті пайдаланады десек қателеспейтін шығармыз.

Ал қоғамдық көліктердің ішіндегі кең тараған түрі – қалалық автобустар.

Үлкен мегаполистерде қоғамдық көліктердің сан алуан түрлері болады. Троллейбус, трамвай, такси, метрополитен, жедел трамвайлар, LRT және тағысын тағы. Су «артериялары» бар қалаларда өзен трамвайлары жүреді. Кей қалаларда монорельсті жолдар салынады. Үлкен қалаларда конвейерлі көліктерді кезіктіруге болады. Сондай-ақ, қала ішіндегі көліктерге мотороллер, мопед, мотоцикл, скутер мен самокаттар да жатады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында кабельді трамвай атты қалалық көліктің экзотикалық түрі әлі де жүреді. Көліктің бұл түрі қозғалмалы кабель көмегімен қимылға келеді.

Бүгінде жеңіл көліктердің шамадан тыс көп болуы қалалық магистральдардағы кептеліске себеп болып отыр. Әсіресе час пик кезінде ыңғайсыздық туғызады. Десе де, заманауи қоғамдық көліктер - қажетті жеріңе жетудің үнемді түрі. Себебі тұрғындар метро немесе автобусқа мініп, кептеліссіз баруды әлдеқайда тиімді деп біледі.

«City Transportation Systems» ЖШС Көлікті үйлестіру департаментінің директоры Мәди Сарбасов мәселеге қатысты ойын білдіріп, қалада қоғамдық көлікті пайдалану тиімділіне тоқталып өтті.

Астанадағы қоғамдық көлік тиімділігі соңғы жылдары қоғамдық көліктер жүйесін жаңғырту мен оңтайландыруға бағытталған шаралар барысында жақсарды. 2017 жылдан бері автобус паркі 85 пайызға жаңарып, бүгінде 102 бағытта қатынайды. Олардың 73-і қала ішіндегі, 26-сы қала маңындағы және 3-еуі  - түнгі маршруттар. Бүгінде жалпы саны 1100 автобус жолаушыларды тасымалдайды,-деп түсіндірді департамент директоры.

Ол «Астанада 2035 жылға дейінгі қабылданған бас жоспар шеңберінде қоғамдық көліктерді дамыту жоспарланып отыр» деп түсіндірді. Дамудың негізгі бағыттары автобус парктерін дамыту және жаңа бағыттарды енгізуді, электр көліктері үшін инфрақұрылымдарды дамытуды, мультимодалды көлік торабын жасауды, жол желілерін құру мен қайта жаңғырту және  интеллектуалды көлік жүйесін енгізу сияқты мәселелерді қамтиды.

Айта кету керек, бұл шаралар елордадағы ыңғайлы және тиімді транспорт жүйесін орнатуға бағытталды. Ондағы мақсат - астаналықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, қала дамуына үлес қосу.

Астанада қаржылық шектеулерге байланысты метро мен трамвай жоқ. Метро құрылысы мен трамвай желілері қомақты инвестицияны қажет етеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын LRT жобасы үлкен шығындар мен қаржылық проблемаларға әкелген еді. Осылайша, Астанада метро мен трамвайдың болмауы қаржылық, жобалық және басқарушылық факторларға келіп саяды. Сондай-ақ, қоғамдық көліктің басқа түрлерін дамытуға басымдық берілгені де әсер етті,-деп түсіндірді Мәди Сарбасов.

Департамент директоры қалада қозғалысы шектеулі жолаушыларды тасымалдау үшін (қарт кісілер мен коляскасы бар әйелдер) пандустары бар автобустар жұмыс істейтінін алға тартты. Қоғамдық көлік қызметкерлеріне осындай жолаушыларға көмек көрсете алу үшін арнайы оқытулар ұйымдастырылатынын айтып өтті.

Бұл шаралар қоғамдық көліктердің қала тұрғындарына тиімді әрі қолжетімді болуы үшін қабылданды,-деп сендірді ол.  

Астанадағы қоғамдық көліктердің экологиялық тұрақтылығы үшін жаңа технологиялар қатары енгізілді. Мәселен, электрлік көлік түрлеріне көшу. Себебі электр автобустарын енгізу - күн тәртібіндегі басты мәселе. Интеллектуалды көлік жүйесін (ITS) қалыптастыру. Қозғалысты оңтайландыру мен көлік желілерін басқаруды жақсарту үшін ақылды бағдаршамдар, трафик датчиктері мен көлікті бақылау жүйесі қолданылуда. Электр автобустарымен қатар гибридті көлік құралдарын пайдалану. Олар электрлі және дәстүрлі ішкі жану қозғалтқыштарының артықшылықтарын қамтып, сол арқылы ұзақ қашықтықтарға шыдас беруге жағдай жасайды.

Метро мен трамвай құрылысына қатысты зерттеу жұмыстары талай мәрте жүргізілді. Сонда да түрлі себептерге байланысты жабулы қазан жабулы қалды. Басты мақсат – автобустар мен LRT жобасының құрылысын қоса алғанда, қолданыстағы қоғамдық көлік жүйесін дамыту,-деп нақтылады Сарбасов.

Оның айтуынша, бүгінде LRT құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Ол қаланың маңызды аймақтарын қамтиды. LRT желісі халықаралық әуежайдан «Нұрлы Жол» теміржол вокзалына дейін созылады. Маршрут 22,4 км құрап, 18 станциядан тұрады. LRT маңызды қоғамдық және қаланың ірі сауда обьектілеріне қызмет көрсетеді.

Былтыр метроға қатысты сызба мен жобалар өңделгенімен, қажетті даму жолына түспеді. Жақын арада «Астанада метро құрылысы басталады» деген нақты жоба жоқ. Бар күш-жігер LRT-ны жүзеге асыруға жұмсалып отыр. Бұл оның метрополитенге қарағанда қаржылай тиімділігін аңғартады,-деді ол.

Спикердің сөзіне сенсек, елордада қоғамдық көліктердің жаңа түрлерін енгізу шешімі қаржы ресустары, географиялық және техникалық шарттар, экологиялық аспект, әлеуметтік және экономикалық пайда сияқты көптеген факторға байланысты. Осы факторлар қосылып, Астана немесе басқа қалаларда көліктердің жаңа түрлерін енгізу қажеттігін айқындайды.

Технология қарыштап дамыған заманда қалалық қоғамдық көліктер электрлік тарту күшіне жаппай көшуде. Электроавтобустарды көбіне ірі мегаполистерде кездестіруге болады. Көліктің бұл түрі экологиялық жағынан таза әрі шуылы аз болады. Сондай-ақ, электрлік тарту күшіне таксомоторлы парктер ауысуда. Такси жүргізушілерінің өзі ақырындап электр көліктеріне бет бұрып жатыр.

Қалалық электр көліктері қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, отынды үнемдеуге септігін тигізеді. Электр көліктерді қолдану ішкі жану қозғалтқышын қолданғаннан 10 есе арзан.

Замануи қоғамдық көліктерге мініп жеке көліктің қымбат қызмет көрсетуіне жұмсалатын қаражатты әжептеуір үнемдеуге болады. Танымал тұлғалардың өзі кей кездері қоғамдық көліктерді қолданады. Бұл - шетелде жиі кездесетін тәжірибе. Қуантатыны, қисайған автобустарды, троллейбус немесе метро вагондарын көре алмайсың. Қалалық көлік түрлері бүгінде біраз түрленді. Көлік ұйымдары жылжымалы құрамдарын үнемі жаңартып, сол арқылы жолаушыларға қызмет көрсетудің жоғары талаптары мен нормаларына сәйкес болуды көздейді,-деді департамент басшысы.

Қазақстандағы ірі қалалардың бірімен салыстырсақ, Алматының көлік каркасын жасақтау үшін 2,8-ден 4 трлн теңгеге дейін жұмсау көзделіп отыр. Бұл қоғамдық көлікпен жүру жылдамдығын 60%-ға көтереді. Осылайша 2030 жылы оңтүстік мегаполистегі ҚК қолданушыларының саны автокөлік айдайтындардан едәуір асып түсу керек.

Кез келген миллионды қала үшін «метро - қала тұрғындары үшін таптырмас көлік құралы». Десе де, алматылық метрополитен күнделікті мегаполис тұрғындарының 4-5% ғана тасымалдайды. 15% құрайтын Ташкент, 31% Минск және 61,5% болатын Мәскеумен салыстырғанда, бұл көрсеткіш тым аз.

Астанада ең дамыған қоғамдық көлік түрі – автобустар. Олар заман талабына сай, техникалық жағынан ең оңтайлысы болып табылады. Астаналық автобустар 100-ден астам бағытта қатынайды. Қалада 5 автобус паркі бар.

Бір тәулікте шамамен 622 мың адамды тасымалдайды. 2023 жылы максималды жолаушылар легі 755 мың адамды құрады.

2018 жылдың 1 шілдесінен қалада AstraBus карталарымен электронды түрде және мобильді қосымша арқылы жолақысын төлеуге болады. Карантин басталған кезде автобус ақысын қолма-қол ақшамен төлеу алынып тасталды.  2014 жылдан бері жолақы тарифі 90 теңгені құрайды. Алайда  Мәслихат шешімімен жол жүру ақысын 1 тамыздан бастап 110  теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Жүргізушілердің жалақысы әлдеқайда көтерілді. Қазірде жүргізушілердің төменгі жалақысы 680-700 мың теңгені құрайды. Бұл - ең төменгі шегі. Жоғары айлық жүргізушінің еңбек өтіліне, жасаған жұмысына байланысты өзгеріп отырады. Жаңа автобустардың интервал ұзақтығы да азайып келеді. Бұрында келесі автобусты 20-25 минут күтуге тура келсе, қазіргі таңда 12-15 минутта келесісі жүйткіп келе қояды.  Автобус паркіндегілер болашақта бұл аралықты 7-8 минутқа дейін түсіруді көздеп отыр. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Көлік бағдарларын қарайтын мекеме де қызмет етеді. Басқару желісінің қызметі деген мамандар бар. Олар қажетті бағдарларға шығып, билеттерді тексереді. Көбіне олар автобусқа мінгенде ғана түсімдер түсе бастайды. Сол себепті бақылаушылардың қатарын толықтыру – басты шешім. Астанада жолақыны төлеуден жалтарып жүргендер көп. 30-40 пайызды құрайды. Жол пұлын беруден бас тартатындарды ішкі істер қызметкерлері келіп, протокол толтырып, айыппұл салады. Бұл жақсы эффектісін әкеледі.

Қалаға жаңа автобустардың жеткізілуінің өзі қала жолаушыларына сапалы қызмет көрсету қажеттігінен туындайды. Сол себепті су жаңа автобустар көбейіп, LRT жүйткіп кетсе, алға қойған мақсат-мүдделер артығымен орындалатыны анық.  Халық үшін жасалынған дүниелер, әрдайым халық игілігіне жараса игі еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға