Жаңалықтар

Астанада өткен бұқаралық велошеруге 500-ге жуық адам қатысты

Астанада өткен бұқаралық велошеруге 500-ге жуық адам қатысты
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 19.05.2024 18:47 995

Елорда маңындағы Жасыл белдеу аумағында маусымның алғашқы бұқаралық велошеруі өтті. 500-ге жуық қатысушы Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан басталған 25 шақырым қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы Жасыл белдеу саябағында мәреге жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бұған дейінгі шарада 300-дей ғана қатысушы жиналса, осы жолы 500-ге жеткеніне куә болып отырмыз. Қала тұрғындарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артып жатқанына қуаныштымын. Осындай спорттық шараларда өзгелермен танысып, Жасыл белдеуміздің керемет әсерін сезіндіңіздер деп ойлаймын, - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов.

Жарысқа велосипеді бар кез келген жастағы әуесқой спортшы қатысты.

Мектеп кезден сан түрлі спорт түрімен айналыстым. Енді жасымыз ұлғайған сайын аурухананың табалдырығын тоздырғанша, Жасыл белдеудің шаңын шығарғанды жөн деп таптым. Саралай келе, маған ең ұнайтын спорт түрі велоспорт екенін түсіндім. Кейінгі 2 жылда Астанадағы барлық бұқаралық спорттық шаралардан қалмауға тырысамын. Бүгін өмірімде бірінші рет лотореядан жеңімпаз атанып, велосипед жеңіп алдым, - деп қала тұрғыны Наталья Морозова қуанышын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара спорттық жарыс болып саналмайды, велошерудің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және велоспортпен белсенді айналысуға шақыруға бағытталған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға