Жаңалықтар

Астанада өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті

Астанада өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 15.05.2024 20:14 547

Астанадағы «Жасыл белдеуде» орман-дала өрттерін сөндіру бойынша өрт-тактикалық жаттығу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Оқу-жаттығу шарттары бойынша демалуға келген адамдар сөндірмей, қалдырып кеткен от ошақтары құрғақ шөптің жануына себеп болды.

Өрттің ары қарай орман белдеуіне таралу қаупі туды. Оқиға орнына Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, «Астана орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ және қаланың коммуналдық қызметтері келіп, өртті сөндіруге кірісті.

Сәлден соң қатты жел тұрып, соның салдарынан өрттің елді мекенге таралуы байқалды. Сондықтан өрт орнына «Астана орманы» ЖШС көмекші техникасы, Өрт сөндіру қызметінің, құқық қорғау орындарының күштері мен құралдары келіп жетті.

Өртті сөндіру барысында 2 қызметкер улы газбен уланып, онда апаттар мен жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадасы зардап шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын маңдағы ауруханаға жеткізді.

Өрт сөндіру бөлімшелері өрт ошағына барлау жүргізіп, жедел штаб құрды және бірлескен әрекеттердің нәтижесінде өртті жойды.

Шартты түрде болған өрт оқиғасын төтеншеліктер бақылап отырды.

"Өрт-2024" жылғы республикалық командалық-штабтық жаттығу аясында Астанадағы «Жасыл белдеуде» командалық жаттығу өткізілді. Жаттығуға 10-нан астам бөлімше, жеке құрамның 75 адамы және 25 бірлік техникасы қатысты. Оның ішінде Астана қаласының Төтенше жағдайлар қызметкерлері, Астана қаласының әкімдігі және мемлекеттік күштер қызметкерлері бар. Жалпы, біздің техникаларымыз өрт ошағына 10 минут ішінде жете алады. Қазір өрт қаупі жоғары маусымның басталуына байланысты Астана қаласы әкімдігі, «Астана орманы» ЖШС-ден күнделікті 40-тан астам адам кезекшілік атқарады, - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, күн жылынғаннан кейін адамдар табиғат аясында демалуға шыға бастайды. Алайда олардың немқұрайлы әрекеті салдарынан дала мен орманда өрт тұтанып жатады. Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соғуы мүмкін.

Айта кетейік, елордада 8 сәуірден бастап өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі басталды. Осы кезеңнің басынан бастап құрғақ шөптер мен қамыстардың 15 жануы тіркелді, оның жалпы аумағы 2 197,5 шаршы метрді құрады. Табиғи қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жүргізілді және 149 гектардан астам қамыс пен құрғақ өсімдіктер шабылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға