Астанада өрт сөндірушілерге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр
Бұл туралы ТЖМ мәлім етті
«Қаһарман» тұрғын үйіндегі өртті сөндіру жұмыстарын жүргізген құтқарушылар психологиялық оңалтудан өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Қаһарман» тұрғын үйіндегі өртті сөндіру жұмыстарын жүргізген 10 өрт сөндіруші-құтқарушы ҚР ТЖМ Психологиялық даярлық орталығында психологиялық оңалтудан өтуде.
Психологтар жауынгерлік жолдасынан айырылу кезінде алған күйзелістен оңалту, сондай-ақ оларды психологиялық қорғау мақсатында құтқарушыларға мамандандырылған психотерапиялық көмек көрсетуде. Аталмыш көмек құтқарушыларға психологиялық қысымды жоюға және қауіпті, әрі жауапты маман иелерінің алдына қойылған міндеттерді орындауға психологиялық-эмоционалды жай-күйін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Психологиялық даярлық орталығы 2021 жылы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бастамасымен ТЖМ қызметкерлерінің психологиялық даярлық деңгейін жетілдіру және арттыру мақсатында құрылды.
Орталықтың бірегейлігі – бұл қызметкерлерді психологиялық даярлау жүйесіне инновациялық көзқарас, жаңа қолданбалы технологияларды қолдану, атап айтқанда жедел профайлинг, нейрофизиология және когнитивтік психология саласындағы бірегей әзірлемелер, сондай-ақ орталықтың тәжірибелі психологтары жинақтаған экстремалды психология саласындағы практикалық әдістер.
Арнайы жабдықты қолданумен 5-7 күн бойы өтетін психотерапиялық сессиялар төзімділік жаттығуларын, реакциялардың жылдамдығын, ойлаудың жеделдігін және психо-эмоционалды тұрақтылықты жаттықтыруға бағытталған.
Екінші кезеңде құтқарушылардың отбасы мүшелері психотерапиялық сеанстардан өтетін болады.
