Астанада оқушылар үшін нашақорлықтың салдары туралы дәріс оқылды

Астанада №103 орта мектепте Есіл ауданы прокуратурасы мен Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен темекі өнімдерінің зияны, нашақорлық пен вандализм туралы мектеп оқушыларына арналған дәріс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Дінмұхаммед Затыбеков жастарға есірткі бизнесінің салдары туралы айтқан.
Жыл сайын елімізде нашақорлар саны артып келеді. Ресми мәліметтер бойынша олардың саны 18 мыңнан асады. Ал нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Сондықтан қазір жастар арасында бұл мәселені талқылау өте маңызды. Мысалы бүгінгі дәрісте оқушыларға есірткі бизнесі туралы бірнеше бейнеролик ұсынып отырмыз. Онда бұл жолға түскен адамдардың қазіргі өмірі туралы көрсетіледі. Қарапайым өмірден алынған мысалдар мектеп оқушыларына есірткі бизнесінің салдарын түсіндіреді, - дейді Дінмұхаммед Затыбеков.
Астана қаласы Полиция департаментінің Нашақорлықпен күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Лейла Разимованың сөзінше, қалада кәмелетке толмағандар және оларға қатысты жасалатын есірткі қылмыстарының саны артқаны байқалып отыр.
Бүгінде есірткі қылмысының алдын алу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен 2024 жылғы 12 айда және 2025 жылдың қаңтар айында елордада 1238 есірткі құқық бұзушылық тіркелді. Заңсыз айналымнан 358 келіден астам есірткі, оның ішінде 41 келі синтетика тәркіленді. 2024 жылғы 12 айдағы және 2025 жылдың қаңтар айындағы жедел жағдайда жүргізілген талдау нәтижесінде кәмелетке толмағандар және оларға қатысты жасалатын есірткі қылмыстарының саны артқаны байқалады, - дейді Лейла Разимова.
Жедел уәкіл есірткіні насихаттау дерегі бойынша 35 қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Соңғы кездері қылмыскерлер есірткіні тасымалдау мен сатудың және оларды жасырудың әртүрлі тәсілдері мен әдістерін ойлап табуда. Мысалы, есірткіні насихаттау фактілері бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Бұл үшін 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жауапкершілігі қарастырылған. 2024 жылы 2747 граффити жойылып, есірткіні насихаттайтын 268 сайт бұғатталды,- дейді Лейла Разимова.
