Астанада оқушылар арасында шахматтан олимпиада өтті
Елордада жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында шахматтан республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарысқа 8-17 жас аралығындағы 300 жас спортшы қатысты. Олар елорданың 50-ден астам мектебінің атынан шықты.
«Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шахмат олимпиадасының қалалық кезеңі аяқталды. Кіші жас санатында 2-4 сынып оқушылары, орта топта 5-8 сынып, ал жоғары топта 9-11 сынып оқушылары бақ сынасты. Шахмат олимпиадасы бұл турнирдің командалық емес, жеке біріншілікте өткізілуімен ерекшеленеді. Әр бала өзі үшін ойнады. Төрешілер алқасы талантты ұлдар мен қыздардың ішіндегі ең лайықтысын анықтады. Турнир қорытындысы бойынша үздік шахматшылар Республикалық олимпиадаға қатысу құқығына ие болды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды», - деді «Өркен» балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының жетекшісі Нұрлан Ауыренов.
Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлфара Сарамбетова мен елордалық шахмат федерациясының атқарушы директоры Дана Төлеева балаларды құттықтап, спорттм табыс тіледі. Олар чемпионат тұрақты түрде өтеді деп үміттенді. Сондай-ақ сөз сөйлеу барысында спикерлер қазіргі уақытта шахматтан спорт секцияларында 5 мыңға жуық оқушы айналысып жүргенін хабарлады.
«Мен шахматты 6 жасымнан бастадым және әлі де жалғастырып жүрмін. Қалада шахмат академиясына қабылдау ашылған кезде уақыт жоғалтпай бірден бардым. Маған сараптап ойлауды дамытатын интеллектуалды ойын ұнайды. Сыныптастарым мен достарым мектеп оқушылары арасындағы шахмат олимпиадасына қатысуға шақырылған кезде қатты қуанды. Қарсыластарым мықты болды, сондықтан жеңіске жетуім қиын болды. Болашақта кәсіби спортшы болуды, Қазақстан құрамасына кіруді және ірі халықаралық турнирлерге қатысуды армандаймын», - деді оқушы Нұрсұлу Оразалина.