Астанада Наурыз мерекесі кең ауқымда тойланып жатыр

Астана қаласының алаңдарында Наурыздың жарқын мерекелік көңіл күйі басым. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қала тұрғындарының жүздерінен шаттық пен қуаныштың лебі есіп тұр. Әсем киіз үйлер мен ұлттық тағамдар, түрлі қолөнер туындылары әрбір бұрышты безендіріп, нағыз ұлттық мереке атмосферасын сезіндіреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергеннің сөзінше, Наурызнама бастамасымен 14 наурыздан бастап мейрамды тойлау басталып кетті. Бұл мереке аудандарда, Астана қаласында да кеңінен тойланып жатыр.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Бүгін – Ынтымақ күні, мейрам сонымен тұспа-тұс келіп жатыр. Дәл қазір біз «Қазақ елі» алаңында тұрмыз. Бұл Сарайшық ауданының негізгі нүктесі болып табылады. Сонымен қатар бізде алты қосымша нүктеде мейрамды тойлау басталды. Қазіргі таңда «Қазақ ел» алаңында сегіз кигіз үй тігілген. Әр кигіз үйдің өзіне тән тақырыбы бар. Сондай-ақ бұл жерде жеті қазына инсталляциясы қойылған, бұл халқымыздың көбі ұмытып кеткен жеті қазынаның аттары мен маңыздылығын қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Мысалы, жылқы, тазы ит, бүркіт, қыран, ер жігіт, әйел, сондай-ақ берен мылтық сияқты құндылықтарымыз осында көрсетілуде, – дейді Шұғыла.
Бұдан өзге әр алаңда қыз-келіншектердің және ерлердің қолөнерін паш ететін, сондай-ақ әжелеріміздің мұрасын таныстыратын арнайы киіз үйлер тігілген. Әжелеріміздің көне киімдері, Наурыз көже дайындау әдістері және бата беру дәстүрі осы үйде көрсетіледі. Сонымен қатар, қыз жасауын көрсету үшін арнайы көрмелер де ұйымдастырылған.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Қала тұрғыны Гүлнұр Қоңырбайқызы нарықта жеті жылдан бері қазақтың зергерлік бұйымдарын жасап, сату ісімен айналысып келеді.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Әр жыл сайын Наурыз мерекесі кезінде қалада жәрмеңке өтеді. Әкімдік тарапынан бізге осы жәрмеңкеге қатысу туралы ұсыныс түседі. Сол ұсыныс бойынша біз үнемі қатысып, өзіміздің қолөнер бұйымдарымызды жарнамалап, халыққа ұсынып қайтамыз. Себебі Наурыз — жыл басы, көпшілік осы мерекеде далаға шығып, көңіл көтеріп, бір сәтке қыдырады, ал біз сол кезде өзіміздің өнімдерімізбен таныстырып, халықпен жақынырақ боламыз. Бұл шара әсіресе этноауыл ретінде ерекше қабылданады, – дейді ол.
Гүлнұрдың айтуынша, Наурызды әр жыл сайын 19-20 наурыздан бастап атап өтеді.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Наурыз көже әзірлейміз, сүрленген ет пісіреміз, балаларға Наурыздың маңызын түсіндіріп, көрсетуге тырысамыз. Бұл — біздің жаңа жылымыз, өйткені біздің дәстүріміз бойынша жаңа жыл 21-22 наурыздан басталады. Ал қаңтардағы жыл басын біз жаңа жыл деп есептемейміз. Сондай-ақ Наурыз мерекесінде үйге қонақтар шақырып, ауызашар береміз. Балаларымызбен бірге мерекеге қатысып, қаладағы қазақтың ұлттық мәдениетін қызықтап көреміз, – дейді Гүлнұр Қоңырбайқызы.
Күннің суықтығына қарамастан, халықтың қарасы қалың. Әр бұрышта қазақтың дәстүрлі өнері мен ұлттық тағамдары, киіз үйлер мен қолөнер бұйымдары көрініс табуда.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай ауылынан арнайы ат басын бұрып келген Ғабиден Есенбеков Наурыз мейрамына Ақтоғай ауданының атынан арнайы кигіз үй тіккен екен.
El.kz/Арман МҰХАТОВ
Ақтоғай ауданы — Алаштың үлкен азаматтары шыққан өлке. Бұл жерде Әлихан Бөкейхан, Ермеков, Ақбайдың Жақыбы, қазақтың тұңғыш бұлбұлы Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин сияқты ұлы тұлғалар туған. Біз бүгін кешкісін осы киіз үйлерде үлкен ауызашар береміз. Бұл — қасиетті Рамазан айында өткізіліп жатқан Наурыз тойы. Әр жылда Алла нәсіп етсе, осы мерекеде кездесіп, бірге тойлауды жазсын, – дейді Ғабиден Есенбеков.
Мерекелік атмосфера қала тұрғындарын жаңа жылды қарсы алуға шақырып, олар Наурыздың құт-берекесін бірге тойлап жатыр.
