Астанада насыбай сайтқан дүкен иелері айыппұл арқалады

Астанада шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатуды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, осындай тексеру іс-шарасы Сарыарқа ауданындағы дүкендерде жүргізілді. Оған аудан әкімдігі, аудандық полиция басқармасы, сондай-ақ елордалық белсенді жастар қатысты.
Ең алдымен шағым көп түсетін аумақтар тексеріледі. Мысалы, ескі темір жол вокзалы аумағы. Мұндай іс-шаралар күнделікті жүргізіледі. 2024 жылы қалада шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша 70 жағдай анықталды. Кәсіпкерлерге 3 млн теңгеден асатын мөлшерде айыппұл салынды, - делінген мәліметте.
Рейдтер барысында Республика, Жеңіс даңғылы, Гете, Ә.Молдағұлова, Ы. Дүкенұлы көшелері және т.б. қамтылды.
Егер рейдтік іс-шара кезінде насыбай сатқан тұлғалар анықталса, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде қарастырылған жаза қолданылады және насыбай тәркіленетін болады. Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы бойынша рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады, - деді Сарыарқа ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Кәбір.
Шегілмейтін темекі өнімдерін тұтынуды алдын алу мақсатында Астана қаласы бойынша жұмыс тобы құрылды. Қаланың барлық ауданында бұл бағыттағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Айта кетейік, рейдтер Астананың барлық алты ауданында жалғасуда.
