Астанада насыбай сатқан сауда орындары анықталды

Байқоңыр ауданында насыбай және өзге де шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында кезекті рейд жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, іс-шара барысында А.Пушкин мен Ж.Тархан көшелерінде орналасқан 5 нысан тексеріліп, шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша профилактикалық түсіндіру жүргізілді.
Рейд нәтижесінде 2 сату нүктесінде 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ насыбайдың 1,5 кг-ға жуығы тәркіленді.
Шегілмейтін темекі өнімдерін тұтынуды алдын алу мақсатында Астана қаласы бойынша жұмыс тобы құрылды. Қаланың барлық ауданында бұл бағыттағы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Айта кетейік, рейдтер Астананың барлық алты ауданында жалғасуда.
