Астанада Мұхтар Әуезовке ескерткіш ашылды
28 қыркүйекте елордамызда ұлы жазушы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ескерткішті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин және жазушының туысы Диар Қонаев ашты.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президенттің құттықтау хатында: «Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек», – деп көрсетілген.
Сонымен қатар іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мәдениет саласының қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары және Мұхтар Әуезовтің туыстары қатысты.
Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған сәулет өнерінің туындысы Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды.