Жаңалықтар

Астанада «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында алқалы жиын өтті

Астанада «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында алқалы жиын өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 08.06.2024 05:49 601

Астана қаласында Достық үйінде ҚР МАМ және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, филология және лингвистика саласындағы сарапшылар, тілтанушылар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдіктерінің мүшелері қатысты.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында берген мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттау және оның мәртебесін арттыру туралы сөз етті.

Елдегі тұрақтылық пен татулық – баға жетпес байлығымыз. Ел бірлігінің негізі тіл бірлігінен бастау алады. Бүгін біз мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тіліне айналуы үшін қандай нақты қадамдар жасау керек, тілді жетік меңгерудің озық тәжірибелерін көпшілікке қалай таратамыз деген сұрақтарға жауап іздеп, талқылау үшін жиналдық, - деді Ғалым Шойкин.

Айта кету керек, дөңгелек үстел аясында оқыту семинары ұйымдастырылды. Онда еліміздің барлық өңірінен қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің жастары өздерінің тіл үйрену тәжірибесін бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды, сондай-ақ мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту әдістерін талқылады.

Семинарда танымал медиа тұлғалар мен филология саласындағы сарапшылар тәжірибелерін бөлісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға