Астанада мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар өтіп жатыр
Астанада отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен «Стратегиялық коммуникация: жаңа әдістер мен перспективалар» атты мемлекеттік орган өкілдеріне арналған семинар өтіп жатыр. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы Maqsut Narikbayev University-мен бірлесе өткізіп жатыр.
Семинардың ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас, Maqsut Narikbayev University АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
Алдымен Перизат Сәдуақас қатысушыларға сәттілік тілеп, семинардың маңызына тоқталды.
Мемлекет саясатын жүзеге асыруда, дағдарыс жағдайларында және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, қоғамды тыңдау, түсіну, тілдесу кезінде баспасөз қызметі ерекше рөл атқарады. Сондықтан іс-шара қоғаммен байланыс саласындағы түрлі трендтер талқыланатын, өңірден және орталықтан келген мамандар жаңа ақпарат алып, тәжірибе алмасатын алаң болады деп есептеймін, - деді спикер.
Семинар аясында Voice Power сарапшысы, іскерлік коммуникация саласының тренері, журналист Руслан Ыдырысов «Келіссөздер - тиімді коммуникацияның маңызды факторы» тақырыбында уоркшоп өткізді. Ол баспасөз қызметі мамандары үшін тайм-менеджментті дұрыс жоспарлау мен өзін-өзі таныстырудың маңызын атап өтті.
Спикер сөзін:
Барлық келіссөздің мақсаты жақсы нәтижеге жету екенін ұмытпау керек, - деп қорытындылады.
Одан бөлек, шетелдік сарапшы, Off the Record Strategies стратегия жəне коммуникация бағытында қызмет көрсететін компанияның президенті Марк Пфайфл «Шындықты құтқару: постфактум дəуіріндегі күрес» атты уоркшобында фактчек жасаудың қадамдарына тоқталды. Ол АҚШ-тағы баспасөз қызметін негізге ала отырып, осы сала мамандары үшін ақпарат алмасудың маңызы мен бірлесіп жұмыс істеудің қажеттігін, сондай-ақ қоғамның сеніміне ие болу мәселесін қозғады.
Ал TedxAstana тренері, қоғаммен байланыс саласының сарапшысы Салтанат Әскербекқызы «Тиімді коммуникациялар: қақтығыстардың сипаты жəне табыс факторлары» уоркшобында коммуникация саясаты, стратегиясы және баспасөз қызметінің медиа-жоспары деген бағыттарды қамтыды.
Айта кетейік, семинар мемлекеттік орган өкілдерінің қоғаммен және БАҚ өкілдерімен өзара қарым-қатынас орнатуына қажетті коммуникация дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.