Жаңалықтар

Астанада көшпенділер ойындары қарсаңында жарыс өтті

Астанада көшпенділер ойындары қарсаңында жарыс өтті
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 22.07.2024 23:12 525

Елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «Азия көкпар лигасы» командалық көкпар жарысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Көкпар федерациясы мен Sparta Astana Promotion компаниясы ұйымдастырған лиганың ерекшелігі – ұлттық ат спорты ойыны ел ішінде көбірек насихатталуы үшін оған көңілді тапқырлар клубының ойыншылары, блогерлер және басқа да медиа саланың адамдары қатысты.

Ауқымды іс-шара «Тұлпар» ат спорты клубында ұйымдастырылды. Онда құрамында ең үздік спортшылар мен танымал тұғалардан құралған төрт команда қатысты: Спарта Астана, Бестөбе, Ынтымақ, Астана Жастар құрамасы.

Сонымен қатар, көрермендерге де асық ату чемпионатына қатысып, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік болды. Асық атудың жүлде қоры – 50 мың тг, жеңімпазға сонымен қатар тазы ит сыйланды. Ләңгі тебу ойынының жеңімпазына 30 мың теңге тағайындалды. Асық ату ойыны ересектер (ең үлкен қатысушы 67-де) мен жасөспірімдер арасында жеке-жеке өтті. Барлығы 50-ге жуық қатысушы жиналды. Бәрі де қала тұрғындары, сонымен қатар Жамбыл, Ақмола, Ұлытау облыстарынан арнайы келгендер бар.

Көкпар бойынша командалар арасындағы жарыстың нәтижесінде Спарта Астана 1-орынға ие болса, Астана Жастар құрамасы 2-орынды қанжығасына байлады. Бестөбе – 3-орын, Ынтымақ 4-орын алды. Ал үздік қорғаушы номинациясы блогер Файзолла Нағашыбайұлына берілді. Атбегі Сәкен Елеуов үздік шабандоз атанды, үздік шабуылшы номинациясы көкпаршы Әділ Тілектеске бұйырды.

Бұл елімізде бірінші рет өтіп жатқан турнир. Дүниежүзілік көкпар федерациясының вице-президенті Әлібек Мұқатаевтың айтуынша, мұны алдағы уақытта дәстүрге айналдыру жоспарда бар.

Ұлттық спортты дамытқымыз келсе, әуесқойларды көбірек шақыру керек. Мұнда Аралас жекпе-жек өнерінің (ММА) шеберлері, өнер адамдары, кәсіпкерлер жүр. Мысалы, мен бүгін төрт өз атымды алып келдім. Алдымызда көшпенділер ойыны болады, соған дайындалып жатырмыз. Осылай популяризация жасаудың арқасында жастарымыз көрсін, атқа отыруды үйренсін дейміз. Біздің ата-бабамыз неге мықты болды? Олар аттың үстінде жүрді. Қазір «Азия көкпар лигасын» пилоттық жоба ретінде тұңғыш рет өткізудеміз. Алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырып, оған көрші мемлекеттерден де қатысушыларды шақырғымыз келеді, - дейді Әлібек Мұқатаев.

Айта кетейік, алдымыздағы қыркүйек айының 8-12 аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған жүз шақты елден 3 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі күннің өзінде 89 елдің өкілі қатысатындарын мақұлдаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға