Астанада көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды
Елордадан 3,5 млн текше метрден астам қар шығарды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында көктемгі су тасқынына қарсы қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр: 26 мың метр арық-науа желісі тазартылды, шамамен 1900 метр құбыр буландырылды, 800 метрден астам коллектор жуылды. Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер елордадан 3,5 млн текше метрден астам қар шығарды», - деп жазды елорда әкімі.
Су басу қаупін азайту үшін әрі көктемгі тасқын суларды өткізуге дайындық бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты.
«Қаладағы су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 21-ге дейін азайды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа келтірілді. Су тасқыны салдарының алдын алу және жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды», - деп жазды елорда әкімі.
Жауапты мемлекеттік органдардың алдына су өткізу құрылысын тазалауға ерекше назар аудару, су тасқыны қаупі бар учаскелердің, елді мекендердің қарын уақытылы күреуді бақылауға алуды міндет етіп қойды.
