Жаңалықтар

Астанада киіз үй тігуден шеберлік сабағы өтті

Астанада киіз үй тігуден шеберлік сабағы өтті
Фото: Видеодан кадр 17.03.2024 11:01 933

Мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде астанада «Асыл мұра – киіз үй» атты киіз үй тігу бойынша шеберлік сабағы өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара елорданың Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясында өтті.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шара осымен екінші мәрте ұйымдастырылып, жалғасын тапты.

Шеберлік сабақ барысында этнограф Акеділ Тойшанұлы оқушыларға киіз үйді тігудің дұрыс техникасы мен ерекшеліктерін айтып берді. Киіз үй сүйектерінің дәстүрге сай орналасуы, керегенің жайылуы мен таңғыштарының дұрыс байлануы, сықырлауықтың ақаусыз бекітілуі, шаңырақтың көтерілуі, уықтардың шаншылуы, баулар мен басқұрлардың дұрыс ұсталуы, шилер мен киіздердің жабылуын оқушылар өз көздерімен көріп, оларға әр заттың маңызы туралы егжей-тегжелі түсіндірілді.

Киіз үй – әлемде теңдессіз, сән-салтанатымен, бай мұрасымен, кескін-келбетімен ешбір жерде қайталанбайтын ұлттық сәулет өнері. Бүгін шеберлік сабақта сегіз қанат, тоқсан басты үлкен киіз үй құрылды. Кітап не суреттен киіз үйдің құрылғанын көрмесе, өмірде жасөспірімдер көре бермейді. Бұл шеберлік сабағы балалардың ұлтқа адал әрі іскер болуына әсер ететінімен құнды, - деді этнограф.

Белгілі әнші Досымжан Таңатаров аталған шараға қолдаушы ретінде қатысып, мұндай шеберлік сабақтарын өткізу қала, тіпті республика көлемінде жалғасу қажеттігін айтты.

Көшпенді тұрмыстың төл туындысын құру – мерекелі жиын, үлкен той. Оны құрудың да техникасын меңгеру керек. Бұл шара Мәдениет және ұлттық дәстүр күнінде ұйымдастырылғаны ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе астаналық оқушылар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Мән-маңызы орасан іс-шара мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, ауқымды түрде өткізілгені дұрыс, - деді әнші.  

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ASTANA (@akimat__astana)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға