Астанада кезекті жайлы мектеп пайдалануға берілді

Астанада тағы бір жайлы мектеп ашылды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шаһар басшысының жазуынша, бұл – оқу жылы басталғаннан бері ашылған он сегізінші жаңа мектеп.
Жаңа үлгідегі мектеп Үркер елдімекенінде орналасқан. Білім ордасы екі ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауысымда оқиды. Осылайша жайлы мектеп оқушылардың саны толып кету мәселесін шешеді. Балалар бұл жерде 3 тоқсаннан бастап оқуын бастайды. Мемлекет басшысының «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елордада жаңа үлгіде 11 мектеп салынып, есігін айқара ашты. Осы ұлттық жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматта 24 мектеп салынады. Бұл оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді,-деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Айта кетсек, жыл соңына дейін елордада тағы бірнеше мектеп ашу жоспарланып отыр. Ал 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салынып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
