Астанада картоп сатуға қойылған шектеу жойылды
Астанада бір адамға 5 келіге дейін картоп сатуға қойылған шектеу алынып тасталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің баспасөз қызметі қазір елордада картоп сату бойынша шектеу жоғын мәлімдеді.
Өнім қаладағы сауда желілері мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті мөлшерде ұсынылып, олардың қоры уақытында толықтырылып отырады, - деп хабарлады ведомство.
Әкімдік картопты сату бойынша қойылған шектеуді Small және Spar желілерінің әкімшілігі шығарғанын айтты.
Олар бұл шараны делдалдардың өнімді одан әрі қайта сату үшін көтерме сатып алуына жол бермеу үшін өз бетінше қабылдады, мысалы, барлық Small және Spar сауда желілерінде картоптың келісі 280 теңгеден сатылып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеше Астанада бір кісіге бес келі картоп қана сатылып жатқаны туралы ақпарат шыққан еді.