Астанада кальян ұсынған бірнеше мекеме жауапқа тартылды

Астана түнгі аралау барысында кальян барына ауқымды рейд жүргізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Түнгі аралау барысында 12 жеке тұлғаға және 3 ойын-сауық иесіне 700 мың теңгеден аса көлемде айыппұл салынды.
Байқоңыр ауданында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 441-бабына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік шаралар жалғасуда.
Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну бойынша барлығы 49 факті анықталған. Кальян шегетіндерге ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша айыппұл салынды.
Мұндай рейдтер қаланың барлық ауданында елорда тұрғындары мен қонақтары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Айта кетейік, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы қаулы 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Заң бұзғандарға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
