Астанада халықаралық музыка фестивалі өтеді
«ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалі алдағы күз мезгілінің ең маңызды мәдени шараларының біріне айналмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында елорда тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Түркия, Жапония, Венгрия, Германия, Пәкістан, Испания және Ресейдің ең үздік өнерпаздары өнерін көрсетеді.
«ALEM SAZ» – әлем елдері мәдениетін шығармашылық ынтымақтастық арқылы бір платформада біріктіруге арналған халықаралық фестиваль. Жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға негізделген. Халықаралық музыка фестивалі еларалық достық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Фестиваль бағдарламасында шетелдік әртістердің концерттері, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
Фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен өтеді.
«ALEM SAZ» халықаралық фестивалінің бағдарламасы:
27.09. – Испания (сағ.19:00)
28.09 – Ресей (сағ.19:00)
29.09 – Түркия (сағ.19:00)
30.09 – Жапония (сағ.18:00)
01.10 – Пәкістан және Венгрия (сағ.17:00)
02.10 – Ресей (сағ.19:00)
03.10 – Германия (сағ.19:00)