Жаңалықтар

Астанада еркін күрестен өткен турнирдің жеңімпаздары анықталды

Астанада еркін күрестен өткен турнирдің жеңімпаздары анықталды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 06.11.2023 15:42 835

Астанада грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем және олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында даңқты палуанды еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир аяқталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үш күнге созылған бәсекеде 2012-2014 жылдары туған балалар мен 2009-2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер 18 салмақта сынға түсті.

Бозкілем шеберлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, қалалық спорт басқармасына қарасты №7 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Серік Халелов және «Күрес түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК директорының міндетін атқарушы Жандос Үшкемпіров қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша жарыстың мақсаты – елімізде еркін күресті дамыту және танымал ету, жас спортшылар арасында әр салмақта мықты палуандарды анықтау сондай-ақ, спорт шеберліктерін арттыру.

Айта кетейік, даңқты палуанды еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир Қазақстанның бас шаһарында биыл төртінші мәрте өткізілді.
Оған еліміздің барлық өңірінен бас-аяғы 600-ден аса жас өрен бақ сынады.

Айтулы жарыста оза шапқан үздіктер арнайы диплом, медальдармен марапатталды.

Айта кетейік, Республикалық турнир Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, Астана қаласының әкімдігінің, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға