Жаңалықтар

Астанада ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған футбол командасы ашылды

Астанада ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған футбол командасы ашылды
Фото: Елорда әкімдігінің ресми сайты 15.04.2025 17:12 218

Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған футбол командасы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жоба – баланың физикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, өзін-өзі сенімді сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды бастама. Елорда әкімдігінің ресми хабарлауынша, команданың негізгі мақсаты – әр балаға тең мүмкіндік беру арқылы өмір сапасын жақсарту және дене тәрбиесімен ұштастыру.

Қазірдің өзінде жаңа футбол командасы алғашқы жаттығуларын бастап кеткен. Аптаның сенбі және жексенбі күндері балалар жаттығуға тегін қатысып жүр. Жаттықтырушылардың айтуынша, жас спортшылардың ынтасы мен қызығушылығы жоғары деңгейде, бұл өз кезегінде мамандарға шабыт беріп отыр. Қазіргі таңда команда құрамында он бала бар.

Айта кетерлігі, бұл мектепте футбол ойыны жан-жақты дамып келеді. Өткен жылы дәл осы білім ордасында аналардан құралған «Аналар» футбол клубы құрылған болатын. Команда жақында Ресейдің Омбы қаласында өткен халықаралық әйелдер турниріне қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. Атап айтқанда, команда мүшесі Мейрамгүл есімді ойыншы 14 гол соғып, «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға