Астанада ерекше балаларға арналған веложарыс өтті

Бүгін ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында «Puzzle Race» веложарысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Велоспорт жаттықтырушысы және ұйымдастырушы Қайрат Қадылбектің айтуынша, бұл жарысқа 5 жастан 20 жасқа дейінгі балалар қатысуда.
Басты мақсатымыз — балалардың бойында спорттық мінез-құлық пен бәсекелестік рухты қалыптастыру. Мұндай жарыстар арқылы балалар өздерін жаңа қырынан көрсетіп, ішкі сенімділігін арттырады. Сонымен қатар, болашақта республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін іріктеу де жүргізіледі, - дейді ол.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараға жалпы 70 бала қатысуда. Ең кішісі – 5 жаста, ал үлкені — 20 жаста. Қатысушыларды жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлген. Мысалы, 5–7 жас, 9–12 жас аралығы деген сияқты.
Қатысушылардың көпшілігі Астана қаласынан. Сонымен қатар, Ақмола облысына қарасты Жолымбет ауылынан да балалар келіп отыр. Бұл ауылдағы балалар да бізбен бірге тұрақты түрде жаттығады, – деді Қайрат Қадылбек.
Мұндай шара бір жылдың ішінде үш мәрте ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл дәстүрлі іс-шараға айналмақ.
Жарыс аяқталған соң, жүлдегерлерге медальдар мен түрлі сыйлықтар тапсырылады. Әр жас санаты бойынша жеңімпаздар анықталады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар назардан тыс қалмайды, – әр балаға арнайы марапат және демеушілер атынан сыйлықтар беріледі”, - деді Велоспорт жаттықтырушысы және ұйымдастырушы Қайрат Қадылбек.
Ерекше баланың қамқоршысы Рысты Қабдуллина:
Жасым 75-те, биыл 76-ға аяқ бастым. Осы баланың қамқоршысымын, аптасына үш рет өзім әкеліп, алып кетіп жүремін. Он жастан бастап бұл спортқа өзінің қызығушылығы болды. «Қашан барамыз, қашан барамыз?» деп өзі асыға күтеді. Алғашында келгенде, бір жерге барып, қайта-қайта қашып кететін. Қазір бәрін өзі жасайды – шешінеді, киінеді, велосипедін өзі тауып, дайындайды. Бұрын велосипедін тастап кете салатын, ал қазір өзінікін таниды. Басқа велосипедтер тұрғанның ішінен өзінікін тауып алады. Бұл – үлкен өзгеріс, – дейді Рысты Қабдуллина.
Ерекше баланың қамқоршысы осындай шаралардың ұйымдастырылып жатқанына өте риза екенін айтты.
Балалар жан-жақтан келіп жатыр. Халық көп, таныстарымызбен кездестік, амандасып, бір-бірімізге «жеңіс құтты болсын» деп тілектер айтып жатырмыз. Бұл – өте жақсы бастама» – деді.
Ерекше баланың анасы Дина Нұркенованың айтуынша, бұл спортқа баласы сегіз жасынан бастап қатысады.
Бұл жерге келуімізге Динара деген кісі себеп болды – оның екі баласы қатысатын. Сол кісіден естіп, нөмірін алып, осында келдік. Бәрімізге, әсіресе баламызға өте ұнайды. Біздің баламыз бұрын әр жаққа жүгіріп кететін, жөн-жосықсыз жүретін. Қазір қасымыздан шықпайды, жанымызда жүреді. Бұл – біздің жанұямыз үшін үлкен нәтиже. Бұрын артынан жүгіріп, қуалап жүретінбіз. Қазір бізді тыңдайды, айтқанымызға құлақ асады, естиді. Бұрын зейіні жан-жақта болса, енді біртіндеп жақсы жаққа өзгеріп келеді. Әлбетте, әлі де алда талай жұмыс бар, бірақ қазіргі жетістік – біз үшін үлкен нәтиже, – дейді.
Суреттер:©El.kz/Арман МҰХАТОВ
