Жаңалықтар

Астанада «Еңбек күні» мерекесіне орай еңбек үздіктері марапатталды

Астанада «Еңбек күні» мерекесіне орай еңбек үздіктері марапатталды
Фото: Астана қалалық әкімдігі 26.09.2024 14:44 253

Елімізде Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Елорданың «Жастар» сарайында еңбек ардагерлері мен озаттарына құрмет көрсетуге арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысып, тәжірибелі еңбек майталмандары мен өндіріс озаттарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Еңбек күні – еліміздің тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтайтын мереке. Әр салада кәсіби біліктілік танытып, адалдықтың шынайы көрінісін көрсетіп жүрген жандар бар. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, қоғамның дамуына күш салып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Осы бастама жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттырып, елімізде еңбек адамының беделін көтеруге үлкен серпін беретініне сенімдімін. Қоғамның барлық салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарға тек сәттілік тілеймін, - деді Ерік Мейірханов.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға