Жаңалықтар

Астанада Enactus студенттік кәсіпкерліктің әлемдік кубок жеңімпаздары белгілі болды

Астанада Enactus студенттік кәсіпкерліктің әлемдік кубок жеңімпаздары белгілі болды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 05.10.2024 16:37 129

Астанада "Enactus World Cup 2024" әлем чемпионаты өтті. Бұл шара студенттік кәсіпкерлікті дамыту, инновациялық жобаларды таныстыру және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жолғы чемпионатқа 33 елден келген командалар қатысып, өз жобаларын қорғады. Сайыс нәтижесінде 16 үздік команда іріктеліп алынып, төрт лигаға бөлінді. Қазақстанның намысын қорғаған «Enactus Kazakhstan» командасы да осы үздіктер қатарында болды, олар өз жобаларын көрсетіп, жарқын идеяларын ұсынды.

Шараның жабылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып, студенттердің жетістіктерін атап өтті. Ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттерінің жобасына жоғары баға беріп, олардың идеялары мен бастамаларын қолдайтынын айтты,-деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.

Чемпионаттың финалында Марокко, Корея, Тунис және Германия командалары бақ сынап, нәтижесінде бірінші орынды Тунис командасы жеңіп алды. Олардың жобасы инновациялық шешімдерімен ерекшеленді және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

Чемпионат студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, стартап идеяларын іске асыруға және әлемдік нарықта бәсекелестік қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Enactus платформасы арқылы жастардың креативтілік қабілеттерін ашып, оларды халықаралық деңгейде танытуға жол ашылды.

Айта кетейік, Enactus — тек жаңа идеяларды көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ әр елдің студенттеріне тәжірибе алмасу және достық қарым-қатынастар орнату мүмкіндігін беретін платформа.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға