Жаңалықтар

Астанада электр энергиясының құны негізсіз көтерілгені анықталды

Астанада электр энергиясының құны негізсіз көтерілгені анықталды
Фото: Pixabay.com 10.04.2023 11:32 855

 Елордалық тұтынушыларға электр энергиясына негізсіз төлеген қаражаты қайтарылып жатыр, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл әлеуметтік желіде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін артық төлемдер алынып жатқаны туралы ақпарат көбейіп кеткен. Мәселені прокуратура тексерді.

Бұл мәселені қала прокуратурасында талқылауға уәкілетті органдардың, әкімдіктің және қызмет көрсетушілер "Астана-АЭК" АҚ және "Астанаэнергосбыт" ЖШС өкілдері қатысты. Энергиямен жабдықтаушы ұйым деректерді қабылдап-жинақтауды дұрыс ұйымдастырмағандықтан тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмеген. Көптеген астаналыққа орташа тәуліктік көлемді есептеген. Осылайша есептеу құралдарының көрсеткішіне сәйкес энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған, - деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Азаматтар "Астана-АЭК" АҚ мен "Астанаэнергосбыт" ЖШС-нің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болған. Қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді.

Қазіргі уақытта "Астана-АЭК" АҚ бірнеше он мыңдаған абонентке электр энергиясының көлемін қайта бөлді. Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасып жатыр, бұл мәселе прокуратураның бақылауында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға