Астанада «Е-архив» ақпараттық жүйесінің жұмысы бойынша семинар-кеңес өтті

Астанада Ұлттық архив базасында «Е–архив» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеу бойынша республикалық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Семинар жұмысына өңірлердегі архив ісі мен құжаттаманы басқаруға жауапты жергілікті атқарушы органдардың 130-дан астам өкілі қатысқан.
Қатысушылар Ұлттық архивтің, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары архивистерінің жүйе модульдерін сапалы толтыру, сараптамалық және сараптамалық-тексеру комиссияларының функцияларын автоматтандыру, электрондық құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдау тәжірибесімен танысты, - деп жазылған Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сонымен қатар семинар барысында іс жүргізу тізімдемесін жасау, істер номенклатурасын енгізу, электронды құжаттардың құндылығын сараптау тәртібі және «Ұлы Отан соғысына қатысушылар» дерекқорына мәліметтер енгізу мәселелері бойынша оқыту жүргізілді.
