Астанада демалыс күндері 800-ге жуық заңбұзушылық дерегі тіркелді
Астанада өткен демалыс күндері арнайы рейд барысында 800-ге жуық заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және профилактикалық жұмыс жүргізу мақсатында Астананың барлық ауданында компьютерлік клубтарда, кинотеатрларда, жатақханаларда, ойын-сауық орындарында және басқа да нысандарда жаппай рейдтер жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құқықтық тәртіп» шарасын жүзеге асыру аясында қалада жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізілді. Астана қаласының Полиция департаменті мен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері заң бұзушылықтарды анықтау және профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында компьютерлік клубтарды, кинотеатрларды, жатақханаларды, ойын-сауық және басқа да мекемелерді тексерді.
Қалада «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз қала» және «Күнделікті өмір» қоғамдық іс-шараларының өткізілуіне байланысты жергілікті орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Полиция департаменті мен аудандық бөлімшелердің жеке құрамы елорданың едәуір бөлігін, оның ішінде жеке секторды, тұрғын үйлерді және т.б. аумақтарда тексерулер жүргізді. Іс-шаралар барысында елорда тұрғындары мен қонақтары арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі шаралар жүргізілді. Операцияға арнайы жасақ – СОБР мен Ұлттық ұлан да жұмылдырылды, - деді Астана қалалық ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Әділбеков.
Рейдтік іс-шаралар барысында 800-ге жуық түрлі қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік сусындар ішу, кальян шегу, тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұру, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз қалуы және т.б. белгілі болды.
Барлық құқық бұзушы айыппұл және қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Демалыс және мереке күндері белсенділік арта отырып, рейдтер тұрақты түрде жүргізіледі.
Айта кету керек, Астана қаласы прокуратурасының, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың үйлестіруімен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түнгі уақытта қала көшелері мен ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер жалғасып жатыр.